Қазақстан екінші суперкомпьютер кластерін іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл
жөнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Digital Bridge-2025 халықаралық форумында
мәлімдеді. Осы пікір алмасу алаңында жаһандық өзгерістер мен цифрлық
экономиканың болашағы туралы өзекті ойлар айтылып, маңызды бастамалар
көтеріледі.
Қазір жаһан жұртшылығы жасанды интеллект дәуіріне қадам
басты. Озық технологияның жоғары қарқынмен дамуы саясатқа, экономикаға және миллиардтаған
адамның өміріне тікелей әсер етіп жатыр. Сарапшылардың бағалауынша, жасанды
интеллектінің дамуына дүние жүзі бойынша бір трлн доллардан артық инвестиция
салынған. Ал аталған саланың әлемдік экономикаға қосатын үлесі таяу онжылдықта
жеті трлн долларға дейін жетуі мүмкін. Бүгінде еліміз жасанды интеллект бейбіт
мақсатта ғана қолданылуы тиіс деп батыл түрде мәлімдейді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- БҰҰ Бас
Ассамблеясының таяуда өткен сессиясында мен Қазақстанның Ұйым аясында Жасанды
интеллектіні басқару жөніндегі жаһандық диалог жұмысына атсалысуға дайын екенін
растадым. Біз серіктестеріміздің бастамаларын, соның ішінде Қытайдың жасанды
инттелект саласындағы жаһандық ынтымақтастық ұйымын құру туралы ұсынысын қолдаймыз.
Қазір Қазақстанның біртұтас цифрлық экожүйесі құрылып жатыр. Осының қамында
елімізде жасанды инттелект саласындағы зерттеу университетін ашу, сондай-ақ
«Alem.ai» халықаралық орталығын құру жоспарланған. Бұл ретте Жасанды инттелект
және цифрлық даму министірлігі сандық жаңғырудың қозғаушы күшіне айналмақ. Бүгінгі
таңда жасанды интеллектіні пайдалану үшін құқықтық базаны қалыптастыруға ерекше
назар аударылуда. Сондықтан тиімді Цифрлық кодексті әзірлеу өте маңызды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Әрбір жаңа мемлекеттік қызмет көрсету ең әуелі цифрлық форматта жасақталуға
тиіс. Бұрын ұсынылған мәліметтерді қайта сұратудың керегі жоқ. Бұдан бөлек,
мемлекет пен азаматтардың қарым-қатынасына байланысты барлық нормативтік
актілер бекітілгенге дейін міндетті түрде цифрлық сараптамадан өткізілуі қажет.
Соның нәтижесінде азаматтар мен кәсіпкерлер бюрократиядан құтылып, олардың
мемлекеттік институттарға деген сенімі нығая түседі.
Президент цифрландыру және нейрожеліні кеңінен қолдану Қазақстанның
мемлекеттік басқару жүйесінің жаңа философиясына айналуы тиіс дегенді тілге
тиек етті. Үлкен деректерді өңдеуге және
талдауға қабілетті ақылды технологиялар стратегиялық жоспарлаудың тиімділігін
де жақсартады. Форумның құрметті қонағы - Мажарстан Президенті Тамаш Шуйок өз
сөзінде жасанды зейін адам құқықтары мен этикалық нормаларды ескере отырып
дамуы тиіс екенін алға тартты. Ол сондай-ақ Қазақстанның жетістіктеріне
тоқталып, еліміз соңғы онжылдықта технологиялық даму хабтарының біріне
айналғанын атап өтті. Форум келесі жылдан бастап өз атауын AI Bridge деп
өзгертеді. Аты басқа болғанымен заты сол күйде қалады. Технологиялық алыптар
мен стартаптар, бизнес пен ғылым, мемлекет пен қоғам арасындағы байланыс көпірі
болу.

