Бірпалаталы Парламентке көшу заң шығару үдерісін жылдамдатады.
Отандық сарапшылардың ортақ пікірі осыған саяды. Олар бұндай тәжірибе көптеген
әлем елдерінде сәтті жүзеге асырылғанын алға тартып отыр. Мәселен, бүгінде
100-ден астам мемлекеттің Парламенті бір палаталы. Президент Қасым-Жомарт
Тоқаев Ұлттық Құрылтайдың бесінші отырысында Қазақстанның жаңа заң шығарушы органын «Құрылтай» деп атауды
ұсынды. Ол 145 депутаттан жасақталмақ. Депутат болу үшін міндетті түрде
партияға мүше болу керек. Енді өзін-өзі ұсыну жүйесі жұмыс істемейді. Сондай-ақ,
жаңа парламентте Президент пен Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы болмайды.
Айгүл Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Біріншіден, парламент бірпалаталы болады, ол
пропорционалды жүйе бойынша сайланады, яғни тек саяси партиялар ғана өзін
парламентке ұсына алады. Ол үшін саяси ұйым мүшесі кемінде сайлаушылардың
барлық даусының 5% жинауы керек. Бізде партиялық жүйе дамуын жалғастыруда.
Қазіргі таңда парламентте 6 партия бар, енді олардың қатары одан да көп болуы
мүмкін.
Сонымен қатар, Қазақстанда Халық кеңесі құрылады. Ол
Ұлттық Құрылтайдың да, Ассамблеяның да орнын басады. Елдегі барлық этнос, өңір
және қоғамдық топтардың пікірін ескеретін жоғары консультативтік орган болады. Құрамы
126 адамнан жасақталады. Сарапшылар бұл тек пікр-талас алағыңы ғана емес, елдің
белсенді азаматтарын бір мүддеге ұйыстыру қамы дейді.
Алуа Жолдыбалина, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық
зерттеулер институты директорының орынбасары:
- Бұл былайша айтқанда халықтың кеңесі. Оның
өкілеттілігі әлі толық ашылмаған. Бірақ, бұл жерде Ұлттық Құрылтайдың
деңгейіндегі диалог алаңы болады. Яғни, халықпен кеңесе отырып көптеген
реформалар, бастама немесе жаңашылдық болса, заң жобасы болса осы жерде
талқылайды.
Азаматтардың дербес цифрлық деректері заңмен қорғалады.
Бұл туралы да Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда атап өтті. Енді азаматтардың
цифрлық мәліметтері құқықтық деңгейде қаралады. Мамандардың айтуынша, әр адам
өз деректерінің сақталуына, пайдаланылуына шектеу қоя алады. Конституциялық
реформаның жаңа үлгісінде цифрлық қауіпсіздік мәселесіне ерекше мән берілмек.
Ғасыр Құралбай, IT маманы:
- Цифрлық деректер қорғау керектігі туралы мәселе жәй ғана техникалық немесе салалық деңгейден адам құқығы деңгейіне дейін көтеріп отыр. Қазір цифрлық дәуір деп жатырмыз ғой, жасанды интеллект дәуірі, болашақта келетін қауіп-қатерлерге құқықтық деңгейде дайын боламыз.

