Қазақстан мен Ұлыбритания стратегиялық әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды Қазақстан мен Ұлыбританияның сыртқы саяси ведомство басшыларының кездесуінде Астана мен Лондон арасындағы ынтымақтастықтың әлеуеті жан-жақты талқыланды. Тараптар іскерлік, сауда, инвестициялық байланыс және өзара тиімді жобалар мен бастамаларды қолдауға ниетті екендерін білдірді. Бұған келіссөздер барысында қол қойылған стратегиялық әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім тың серпін бермек. Құжатта сонымен қатар ғылыми-зерттеу бағытында өзара әріптестік орнату жағы назарсыз қалмады. Шетелдік дипломат келісім аясында Англияда білім алғысы келетін қазақстандық студенттер үшін стипендиялар көлемі 2 есеге артатынын жеткізді. Сондай-ақ Қазақстаннан шықпай-ақ қашықтан оқу мүмкіндігі туатынын айтты. Бұл үшін Алматыда Queen’s University Belfast британдық ЖОО филиалы ашылады. Ал Оксфорд университетінде қазақ тілі оқытыла бастайды. Сондай-ақ Девид Кэмеронның сапары аясында көлік және денсаулық сақтау салаларына қатысты бірқатар екі жақты құжатқа қол қойылды.