Армения Президенті: Қазақстанмен достық қарым-қатынасқа мүдделіміз

Былтыр Қазақстан мен Армения арасындағы тауар айналымы 23% артты. Алда сауда қатынасы тек қарқын ала түседі. Оның өсуі үшін мемлекеттердің орасан зор мүмкіндігі бар. Мәселен қос тараптың көлік логистикасы мен теңіз жолдарын белсенді қолдануы бұдан үлкен көрсеткіштерге қол жеткізуге серпін бермек. «Қазақпарат» агенттігіне берген эксклюзивті сұхбатында Армения Президенті осылай мәлімдеді. Сондай-ақ, Ваагн Хачатурян Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу барысында өзге де маңызды мәселелер талқыланғанын атап өтті.


Ваагн Хачатурян, Армения Республикасының Президенті:


- Мысалы, логистика мәселесі — Орта дәлізді Армения Республикасымен, дәлірек айтсақ, біздің өңірмен байланыстыру. Бұл жаңа мүмкіндіктер ашады: тауарлар жерүсті жолымен Грузия, Армения, Иран, Түрікменстан, Қазақстан арқылы шығысқа, Қытайға жетеді және ол жақтан да тауарлар келер еді. Үкімет өкілдеріне тиісті тапсырмалар берілді және бұл жұмыс қазір жалғасуда

Армения Президенті, Қазақстанмен ІТ және жоғары технологиялар салаларында ынтымақтастық құру басым бағыттардың бірі деп санайды. Ол осы төңіректе суперкомпьютердің іске қосылуы және жаңа дата-орталықтың ашылуы сынды алғашқы әріптестік жетістіктерін тілге тиек етті. Сонымен қатар, Армения біздің еліміздің білім беру саласындағы тәжірибесіне қызығушылық танытып, тиімді тәжірибелер мен әдістемелерді зерделеуге дайын.


Жеңіс Ермұқанов