Астанада «Абай restart» қойылымы сахналанды

Діндар, философ, шоумен, мұның бәрі де қазақтың біртуар ақыны – Абай. Бұл жолы нар тұлға қолында кітап, басында тақия, үстіне шапан киген кеңге танымал бейнеде емес. Ұлы ойшыл сан түрлі кейіпке оранды. Қойылымда заман талғамайтын 45 қара сөзінің ішінен ең өзекті, бүгінгі көрерменнің қабылдауына жеңіл болады дегендері таңдалған. Олардың мән-маңызы бәз-баяғы. Тек жеткізу мәнері заманауи тілде. 

Елордалық «Синтез» театры «Абай restart» қойылымын ұсынды.  Шығармашылық топ өнерсүйер қауымға 2021 жылдан бері бірегей сахналық қойылымдарымен танылып келеді. Бүгінде жас дарындар театрының репертуарлық қорында 10 жуық отандық және шетелдік классикалық туындылар бар.     

Мұхтар Дүнгешов, «Синтез» театрының көркемдік жетекшісі: 

– Біздікі сол ізденіс-эксперименталды бағыт. Біз барынша классикалық драматургия болсын, болмаса өзге де қойылымдар болсын ерекше форматта сахналаймыз. Жалпы біздің спектакльдерде өзі солай көп жағдайда өзгеруге тырысамыз. Классикалық драматургияны бүгінгі күнмен үйлестіруге тырысамыз, яғни синтезін табуға тырысамыз. Алдағы мақсатымыз бұл театрды дүркірету, ол үшін сырттан режиссерлерді шақыратын боламыз. Кейін тағы кәсіби актерлерді алу ойымызда бар.