Елордада Astana Think Tank Forum-ының аясында
Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институты әзірлеген Central Asia Insights
цифрлық платформасы таныстырылды. Жаңа ресурс Қазақстан және Орталық Азияның өзге
де елдері туралы ғылыми мақалалар мен талдамалық материалдар және зерттеулерді
біріктіреді. Электрондық жүйе шетелдік сарапшылар үшін өңірлік талдаудың
қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ халықаралық ғылыми ынтымақтастықты
жандандыру қамында құрылған. Аталған сайтта қазірдің өзінде саяси және экономикалық
шолулардан бастап демография және халықаралық қатынастар мәселелері бойынша зерттеулерге
қатысты 80-ге жуық мақала жарияланған. Пайдаланушылар платформаға өздерінің
ағылшын тілінде жазған кітаптарын баяндамалары мен монографияларын жүктей алады.
Болашақта Central Asia Insights әлем зерттеушілері үшін Орталық Азия туралы
талдаудың ірі онлайн-мұрағаты болуды мақсат етеді.
Айгүл Көшербаева, ҚР Президенті жанындағы Қазақстандық
стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми хатшысы:
- Бұл платформа, біріншіден, біздің қазір цифрландырудың жаңа кезеңіне қадам басып келе жатқанымыздың жарқын көріністерінің бірі. Екіншіден, бұл тағы бір қосымша ғылыми ақпараттың көзі. Біз осы форум аясындағы бірнеше сессияда платформада жарияланған баяндамаларды талқыланймыз. Олардың қатарында Орталық Азия мен Ауғанстан немесе демографиялық стратегия мен демография мәселелеріне қатысты ғылыми мақалалар бар. Бұл платформа пайдаланушылар үшін ашық. Яғни, ондағы барлық материалдар көпшілікке қолжетімді.
Айта кетейік, Astana
Think Tank Forum халықаралық диалог алаңы жетекші сарапшыларды, талдаушыларды,
саясаткерлер мен халықаралық ұйымдардың өкілдерін біріктіреді. Форумға барлығы
40 елден 500 астам сарапшы қатысуда. Мұндағы пікірталастар жаһандық басқаруды
трансформациялау, қауіпсіздік пен экономика, технологияларды дамыту, сондай-ақ
әлемдегі демографиялық және климаттық өзгерістердің өзара байланысын нығайтуға
арналған. Бұған қоса, бүгінгі күрделі геосаясат жағдайында халықаралық қатынастардағы
орта державалардың және Орталық Азия өңірінің рөлін айқындауды көздейді.

