Қазақстан мен Индонезия қала құрылысы, көлік, «жасыл» энергетика, білім беру мен мәдениет салаларында 15-ке тарта жобаны бірлесе жүзеге асырады. Бұл жұмыстар екі ел орталықтары – Астана мен Нусантара қалалары әкімшіліктерінің өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойғанының арқасында жүргізіледі. Айта кетейік, бауырлас-қалалар қазірдің өзінде бірнеше жобаны бастап кетті. Оның біреуі бойынша Индонезияның жаңа астанасында отандық мамандар бейнебақылау камераларын орнатпақ. Жалпы, жасалған келісімдер қос қала арасындағы тәжірибе алмасу ғана емес, достық қарым-қатынас орнатуды мақсат етіп отыр. Бұл туралы тараптар елордадағы екі астана арасындағы бауырлас қатынастың бір жылдығын атап өту шарасында тағы бір қайталап айтты.
Мохамад Фаджрул Рахман, Қазақстандағы Индонезия елшісі:
– Бір жыл ішінде көп жұмыс атқарылды. Біздің Қазақстаннан үйренеріміз көп. Алдыңғы астанамыз Джакартада адам санының тым көп болуына байланысты, астанамызды Нусантара қаласына көшіру туралы шешім қабылданды. Осылайша, біз Қазақстанның тәжірибесін қайталап отырмыз.
Жанар Нұғманова, Астана қаласы әкімдігінің Халықаралық әріптестік бөлімінің басшысы:
– Екі ел астаналарының арасында студент алмасу, яғни, білім саласында ынтымақтастық орнату жоспарланып отыр. Бізге де Индонезиялық әріптестердің тәжірибесі өте қызық. Себебі, дәл Джунглидің ортасында қала салынып жатыр. Сол себепті, гүлдендіру, урбанистика мен коммуналдық шаруашылық секілді қала тұрмысына аса қажетті салалар бойынша әріптестік орнату маңызды.