Нұр-Сұлтанда LRT желісіндегі құрылыс жұмыстары қайта жанданды. Бұл жөнінде елорда әкімі Алтай Көлгінов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді. Оның айтуынша, мердігер ұйым, яғни қытайлық консорциум құрылыс-монтаж жұмыстарына дайындық жүргізуде.
Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:
- Қазір құрылыс маусымының қарқын алуына байланысты жұмыстар басталды. Шарттар бұрынғыша қалады. Бізде қытайлық және жергілікті серіктестер бар. Шарттық міндеттемелерге сәйкес жұмыс істеліп жатыр. Бірақ ол жұмысты белсенді жүріп жатыр деп айта алмаймын. Қарқынды жұмыс қаражаттың түсуіне қарай жалғасатын болады. Қазір сыртқы қарыздарға конкурс жүруде, банктерді таңдап, қаржыландыру көздерін анықтаған кезде жұмысты белсенді түрде бастаймыз.
Еліміздің бас қаласының әкімі бұл жобаны толығымен аяқтау үшін оған шамамен 1 млрд доллар инвестициялау қажеттігін атап өтті. Әкімдік осыған байланысты қаражат тарту конкурсын жаз соңына дейін өткізуді жоспарлап отыр.
Алтай Көлгінов брифинг барысында қала күнінде қандай іс-шаралар өтетіні туралы да айтып берді. Ол қазіргі эпиджағдайға байланысты жоспарланған көптеген шараның қысқарғанын, сондай-ақ онлайн форматқа көшкенін атап өтті.
Айта кетейік, биыл астана күнінде дәстүрлі отшашу болмайды.