Қазақстан мен Грузия арасындағы сауда көлемі 190 млн долларды құрады

Бұл өзара тауар айналымының тек биылдың алғашқы алты айында ғана жеткен көрсеткіш. Мұндай деректер қос ел Үкіметтерінің басшылары Әлихан Смайылов пен Ираклий Гарибашвилидің Алматы қаласында өткен кездесуінде келтірілді. Тараптар сауда, көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастық әлеуетін талқылады. Әлихан Смайылов Грузия Қазақстанның Оңтүстік Кавказдағы маңызды әрі сенімді серіктесі екенін атап өтті. Екіжақты қарым-қатынаста транзиттік-көлік бағытындағы әріптестікке басымдық берілген.  Мәселен, бүгінде екі ел арасында  Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту аясындағы әріптестік қарқын алған. Былтыр 6 айдың қорытындысына сәйкес Орта дәліз бойынша жүктерді тасымалдау көлемі 77% өсіп, 1,3 млн тоннаны құрады. Қазақстан Премьер-Министрі еліміз барлық салаларда әріптестіктің серпінді дамуын қамтамасыз етуге ниетті екенін жеткізді. Өз тарапынан Ираклий Гарибашвили Грузияның екіжақты ынтымақтастықтың барлық спектрі бойынша Қазақстанмен тиімді өзара іс-қимылды нығайтуға дайын екенін растады.