Қазақстандағы инвестициялық қаржы қай салаларға бағытталады

Жылжымайтын мүлік – инвесторлар үшін ең тартымды сала. Қазақстанға тартылған капитал салымдарының жартысынан астамы осы секторға тиесілі. Мамандардың айтуынша, бұл құбылыс өмір сүру қарқынының артуына байланысты. Шетелдік инвесторлардың тұрақты түрде қызығушылығын тудыратын тағы бір бағыт – көлік және логистика. Бұл бекерден емес. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай»  халықаралық көлік дәлізі Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Бұған қоса, еліміздің бас қаласы өзге мемлекеттермен 37 бағыт бойынша байланысқан. Осы жағдайлардың барлығы шетелдік инвесторлардың ел экономикасына қаржы салуға деген ықыласының артуына өз әсерін тигізеді.  

Ержан Балтаев, «Astana Invest» басқарма төрағасы:

- Осы жерде назар аударатын маңызды жайт – логистика. Еуропа мен Қытай арасындағы тауар айналымы Қазақстан арқылы, соның ішінде Нұр-Сұлтан қаласы арқылы өтеді. Сол себепті қызығушылық та жоғары. Елоданың қарқынды дамып келе жатқанын ескерсек, нарық та кеңейіп келеді, логистикалық орталықтар салынып, құрылыс материалдарын, тұрмыстық техника, тағам өнімдерін өндіруші кәсіпорындар ашылуда. Міне, осындай қызықты бағыттар өркендеп келеді.

Инвесторлардың қызығушылығын тудыратын тағы бір бағыт – сауда. Экономиканың қозғаушы күші саналатын бұл саланың дамуы кәсіпкерліктің дамуынсыз мүмкін емес екені белгілі. Соңғы 7 жыл ішінде дәл осы секторға және елордадағы жобаларға 1 млрд 600 млн доллар шетелдік инвестиция тартылған. 

Ержан Балтаев, «Astana Invest» басқарма төрағасы:

- Бас қалаға келетін тікелей шетелдік инвестициялар бар. Осы ретте қарайтын болсақ, бірінші орында сауда саласы келеді. Нұр-Сұлтандағы тауар айналымы 10 млрд доллар шамасында және осы жерде айта кетерлігі, елордада импорттан гөрі экспорт басым. Бұл көптеген шетелдік компанияның, мұнай кәсіпорындарының бас кеңселерінің осында орналасқанымен де байланысты. Әрине, бұл жағдай ескеріледі.

Өнеркәсіп, медицина, білім салалары да инвесторлар үшін тартымды бағыттар екенін айта кеткен жөн. Жалпы соңғы 10 жыл ішінде республикаға  инвестициялар ағымы 24 млрд долларды құраған. Тікелей капитал салымдарының басым бөлігі  Нидерланды, Швейцария, Бельгия, Франция, Түркия, Германия және тағы басқа елдерге тиесілі.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов