Қазақстан мен ЕуроОдақ арасындағы тауар айналым 2022 жылдың 8 айында 26 млрд долларды құрады. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шарль Мишельдің кездесуі барысында белгілі болды. Қос тарап алдағы уақытта инвестициялық әлеуетті арттыруға келісті. 30 жыл ішінде Қазақстанға Еуропадан тартылған инвестиция көлемі 160 миллиард доллардан асқан. Еске салайық, Еуропалық кеңес президенті Қазақстанға ресми сапармен келді.
Энергетика және азық-түлік қауіпсіздігі, «жасыл» экономиканы дамыту, көлік және логистика мәселелері. Бұл тақырыптарды мемлекет басшысы мен Еуропалық Кеңес президенті жан-жақты талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев осы салалардағы екіжақты қарым-қатынасқа оң баға берілгенін атап өтті. Тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі арттыру мақсатында бірлескен күш-жігер жұмылдыруға келісті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
Әсіресе, аса маңызды шикізатты тасымалдау және жасыл сутегі энергетикасын дамыту мәселесінде мол мүмкіндігіміз бар Сонымен қатар, халықаралық көлік дәліздерін дамытудың маңыздылығын атап өттік. Бұл – қазіргі геосаяси жағдайда өте өзекті мәселенің бірі. Сондай-ақ, Еуропалық Одақтың «Транскаспий халықаралық көлік бағытын» қолдау мүмкіндігін қарастырдық. Бұдан бөлек, Еуропа санкцияларының Қазақстан экономикасына ықпалын болдырмау мәселесін талқыладық.
Айта кету керек, Еуропалық Одақ Қазақстанға Орталық Азияға дәліз ретінде әрқашан қызығушылық танытып келеді. Ал, қазіргі геосаяси жағдайға байланысты біздің еліміз көлік торабы ретінде де тартымды.
Шарль Мишель, Еуропалық кеңес президенті:
Біз алғаш Брюссельде кездестік. Содан бері тығыз байланыс орнатып, түрлі салада жұмыс істеп келеміз. Өңірлік деңгейде бірлескен жұмыс жүргізу маңызды. Сізбен ынтымақтастығымыздың өзекті мәселелерін, соның ішінде климаттың өзгеруіне қатысты мәселені талқылау мақсатымен кездескеніме қуаныштымын.
Сонымен қатар бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шарль Мишельге Маңғыстау облысында «жасыл» сутегін өндіру және тарату орталығын құру жобасы таныстырылды. ЕуроОдақ Өңірде жел және күн электр станцияларын салуды көздеп отыр. Сондай-ақ, Германия мен Қазақстан университеттері арасында кадрларды дайындау бойынша ынтымақтастық қарастырылған. Бұдан бөлек, Маңғыстау облысында инвестор есебінен инфрақұрылымдар салу және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына әлеуметтік міндеттемелер төлеу жоспарланып отыр.