Мәжіліс Қазақстан мен Армения арасындағы мұнай өнімдеріне қатысты заң жобасын мақұлдады

Мәжіліс Қазақстан мен Армения арасындағы мұнай өнімдеріне қатысты заң жобасын мақұлдады

Мәжіліс депутаттары Қазақстаннан Арменияға мұнай өнімдерін беру саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдап, Сенатқа жіберді. Құжатты таныстырған еліміздің Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы сауда экспорттық кедендік баж салығын төлемей, кедендік бақылаусыз жүзеге асырылады. Аталған келісімде мұнай өнімдері саудасының іс жүзіндегі ерекше режимі белгіленген және Қазақстаннан Арменияға мұнай өнімдерін әкету кезіндегі бақылау тетіктері қамтылған.

Болат Ақшолақов, ҚР энергетика минисрі:

– Сондай-ақ Қазақстан Республикасынан мұнай өнімдерін әкетуді ретке келтіреді және ішкі нарықты Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне мұнай өнімдерінің бақылаусыз ағынынан қорғайды. Бұл ретте, қажет болған жағдайда, Келісімде Қазақстан ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ішкі нарықты қорғау мақсатында индикативтік теңгерімдермен бекітілген көлемдер асып кеткен жағдайда, форс-мажор жағдайларында, сондай-ақ Армения өз аумағынан қазақстандық мұнай өнімдерін үшінші елдерге және Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне әкету тыйымы бойынша міндеттемелерін бұзған кезде Қазақстан біржақты тәртіппен Арменияға мұнай өнімдерін бажсыз жеткізуді тоқтата алады не шектей алатыны көзделген. Сондықтан біздің ішкі нарығымыз үшін тәуекелдер жоқ.

Айта кетейік, құжат аясында Қазақстанның ішкі нарығын мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету басты басымдық болып саналады. «Мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiн өндiрудi және олардың айналымын мемлекеттiк реттеу туралы» Заңға сәйкес Министрлік ай сайын ішкі нарыққа қайта өңдеу үшін мұнай жеткізу жоспарын бекітеді және артық мұнай өнімдері болған жағдайда Арменияға осындай жеткізілімдер жүзеге асырылады.

 

Автор: Ақзер Сегізбай