«Астана Балет» театры «Есімдер» жобасын ұсынды

«Астана Балет» театры «Есімдер» жобасын ұсынды

Қазақстанның жетекші музыканттары бір сахнаның төрінде тоғысты. «Астана Балет» театрында симфониялық музыка кеші өтті. Әуенді де әуезді бағдарлама әлемге аты мәшһүр сазгерлердің, соның ішінде Людвиг ван Бетховеннің үздік шығармаларын қамтыды. Іс-шара театрдың «Есімдер» атты жобасы аясында ұйымдастырылды. Оның мақсаты – еліміздің музыка мәдениетін асқақтатып жүрген өнер майталмандарының басын қосып, көрермендерге әсерлі концерт ұсыну. Сахнада талғампаз шетелдік өнер сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленіп үлгерген белді халықаралық байқаулардың лауреаттары өнер көрсетті. Ол қатарда скрипкашы Қаламқас Жұмабаева, виолончельші Ермек Құрманаев және пианист Әмір Тебенихин бар. Олар көрермендерге скрипка, виолончель және фортепианоға арналған концертті тамашалауға мүмкіндік берді. Театр оркестрінің орындауында австриялық композитор Франц Шуберттің әйгілі «№ 8 симфониясы» орындалды. 

Арман Оразғалиев, «Астана Балет» театрының симфониялық оркестрінің бас дирижері: 

- Осыдан бір жылдан сәл астам уақыт бұрын, театр өз оркестрін құрған кезде бұл ойды жүзеге асыру мүмкіндігі туды. Көрермендерге ұмытылмас әсер сыйлайтын ерекше жоба құру қажет болды. Яғни тек Қазақстанда ғана емес шетелдерде де танылып жүрген музыканттардың басын қосуды ұйғардық. Бұл жобаның шымылдығын түрген бірінші қонағымыз, яғни алғашқы орындаушы Әмір Тебенихин болды. Ол қазір Еуропада өмір сүріп жатқан біздің жерлесіміз. Тамаша музыкант, керемет пианист  ойымызды жүзеге асыруға тың серпін болды. Қанатқақты бастама сәтті өтті. Сол кезден бастап танымал отандық музыкаттармен концерттер беріп жүрміз. 

Авторы: Жеңіс Ермұқанов 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?