Қала тұрғындары мен қонақтарына көшпелілердің жылжымалы үйінің безендірілуі көрсетілді. Ол дәстүрлі кілемдермен, тоқылған өрнекті кестелермен, қазақтың музыкалық аспаптарымен және сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарымен сәнделген. Киіз үйдің іші де қазақтың ұлттық киімдерімен, былғарыдан жасалған паннолармен, көшпелілердің сауыт-саймандары және қазақтың дәстүрлі қамшысымен толықтырылды. Ал Орал қаласының «Арнау» фольклорлық ансамблі жергілікті тұрғындарына Ұлы даланың сазды әуенінен тарту етті. Наурыз мейрамын тойлау аясында Братиславадағы өнер мектебінің дарынды балаларының қатысуымен шеберлік сабағы өтті. Жас суретшілердің жұмыстары «Қазақстан словак балаларының көзімен» тұрақты экспозициясының негізі болмақ. Еліміздің Сыртқы істер министрлігі қазақтың киіз үйі кейін Словакияның өзге де аймақтарында көрсетілетінін атап өтті.