«Арқаның ән-күй мұрасы» атты шығармашылық кеш өтті

Сал-серілік өнердің негізін қалаушы, халық композиторы Біржан сал Қожағұлұлының дүниеге келгеніне биыл – 190 жыл. Осыған орай, елордада «Арқаның ән-күй мұрасы» атты шығармашылық кеш өтті. Онда Біржан салдың кең таралған туындылары орындалды. Бұған қоса көрнекті композитордың өмірі мен шығармашылығына қатысты көпшілік біле бермейтін мәліметтер айтылады. Концерттің көздегені - аты аңызға айналған тұлғаны еске алу ғана емес, теңдесі жоқ  туындыларды ұлтымыздың мәдени коды ретінде таныту.  Сондықтан, осындай шаралардың көбейгені аса маңызды дейді ұйымдастырушылар.  

Ерлан Рысқали, «Қазақконцерт» көркемдік жетекшісі:

- Ал, енді бұл өнер сәнге айналып, жұрт қызығушылығы одан сайын артсын десек, оның насихаты күшті болуы керек. Тренд дейді ғой. Тренд, ар жағы бренд. Мынау ұлттық өнер, ол біздің қазақтың қазақ екенін әлемге көрсететін, әлемді тамсандыратын, таңқалдыратын ол – ұлттық өнер.

Жанғали Жүзбай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

- Біржанды Үш Жүздің жақсылары астарға шақырған. Үлкен айтыстарға шақырған. Тарихта аты қалған. Айтыскер ақын болғанын да барлығы біледі. Мәселен, атақты «Біржан-Сара» айтысы. Ал, енді Біржан Арқадағы, Жетісудағы, Оңтүстік, Күнгей, Теріскейдегі барлық сал-серілердің атасы болған, ұстазы болған. Сондықтан, әншілік өнерге келгенде оның орны бір бөлек.