Қазақстанда көрнекті жазушы Бердібек Сокпақбаевтың 100 жылдығы кеңінен атап өтілуде. Қазақ балалар әдебиеті классигінің мерейтойы ЮНЕСКО-ның атаулы күндер күнтізбесіне енгізілген. Мәдени іс-шаралар бүкіл ел бойынша өтуде. Астана қаласының балалар кітапханасында Бердібек Сокпақбаев шығармаларына арналған әдеби кеш ұйымдастырылды. Қаламгердің шығармаларымен қазақ оқырманының бір емес бірнеше буыны өсті. Оның балалардың жан дүниесі секілді боямасыз, шынайы жазу мәнері жас кітапқұмарлар ғана емес, ересек қауымды да өз иіріміне бірден елітіп әкетеді.
Айта кетейік, Бердібек Сокпақбаевтың әңгімелері мен романдары әлемнің ондаған тіліне аударылған.
Дәулеткерей Кәп, Қазақстан Жазушылар одағы астана филиалының хатшысы:
– Бердібекті тек қана балалар әдебиетінің классигі деген шеңберге қысып қойған сияқтымыз. Жалпы Қазақ әдебиетінің классигі екендігінде дау жоқ. Өйткені еңкейген қариядан, еңбектеген балаға дейін шығармасы түсінікті.
Нұрлан Қалқа, ақын:
– ЮНЕСКО-ға 170 ел мүше, соның 70 елінде Бердібек Сокпақбаевтың шығармаларын оқып жатыр екен. Жаңа шыққан кітаптарының өзі бірнеше тілге аударылған. Сонда солар бала арқылы біздің халқымызды танып жатыр, біздің әдебиетімізді танып жатыр.