Америкалық стримингтік тұғырнама Алматы туралы шоу түсіреді

Netflix Алматы мен Іле Алатауының көркем табиғаты мен әсем көріністерін көрермен назарына ұсынады. Америкалық стримингтік тұғырнама мегаполисте саяхат туралы реалити-шоу түсіреді. Түсірілім 20-30 мамыр аралығында жүргізіледі. Қала әкімдігі өкілдерінің айтуынша, бұл жоба тек оңтүстік шаһар мен еліміздің туристік әлеуетін танытып қана қоймайды. Бүкіл аймақтың осы бағыттағы дамуына оң әсер етеді. Айта кету керек, бұл шоу Қырғызстанның табиғаты көркем жерлерінде де түсірілмек.

 

Камила Лұқпанова, Almaty Tourism Bureau басшысы:

– Реалити-шоуда тек Орта Азияның әсем табиғаты ғана емес, осы аймақтың ең ірі, әрі әдемі қаласы – Алматының тұрмыс-тіршілігі көрініс табады. Қазір жалпы әлемде танымал бағыттардан бөлек, жаңа бағыттардың тренді қызу жүріп жатыр. Ал қалталы туристердің өзі Орта Азияны таңдап жатады. Оған себеп – адам аяғы баспаған табиғаты. Экотуризм де көз ілеспес қарқынмен трендке айналып барады. Туристік аудитория назарын бізге аударғанына біраз уақыт болды. Сондықтан Netflix келеді дегенде, қуанышымызды жасыра алмадық. Тіпті, сене алмадық. Алайда, бұған дейін Amazon Prime тобын қарсы алған болатынбыз. Алдағы уақытта тағы бір ірі компания түсірілім жасауға келеді.

 

Естеріңізге сала кетейік, The New York Times басылымы дәстүрлі түрде 2024 жылы саяхаттап баруға кеңес ретінде 52 жердің тізімін жасаған. Еліміздегі ең ірі мегаполис – Алматы бұл тізімде 25 орынға тұрақтаған.