Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі өтіп жатыр. Биылғы байқау қазақ киносының тарланы Шәкен Аймановтың 110 жылдығы және «Қазақфильм» киностудиясының құрылғанына 90 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр. Оған үш құрлықтан 15 астам мемлекеттің киногерлері қатысуда. Ұлттық кино өндірісінің өрісін кеңейтетін дәстүрлі шараға алыс және жақын шетелден 12 фильм жолдама алған. Сынға түсетін туындылар Бангладеш пен Оңтүстік Кореядан бастап, Австрия мен Қатарға дейінгі елдердің мәдениеті мен болмысының кескінін барынша паш етпек. Сондай-ақ, Еуропа, Азия және Таяу Шығыстан келген кинокартиналар да бар. Айта кетейік, кинофестиваль екі бірдей бағдарламадан тұрады. Олар халықаралық және Орталық Азия мен Түркі әлемі елдерінің байқауы. Сондай-ақ, конкурстан тыс көрсетілімдер мен кинопремьерлер ұсынылады, Сала майталмандарының шеберлік сыныптары және киногерлер үшін арнайы іскерлік алаңдар ұйымдастырылады.
Диана Әшімова, XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің бағдарламалық директоры:
- Биыл байқаудың географиялық ауқымы кең. Көптеген жаңа бағдарламаларға қатысып, түрлі жанрдағы фильмдерді тамашалауға болады. Отандық киноның өте қызықты бағдарламасы құрылды. Бұл фестиваль біраз шегеріліп өткізілді. Сондықтан осы жолы оны қайта жандандыруға, оған бұрынғы даңқын қайтаруға тырысамыз.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

