Астанада
«Орталық Азиядағы Жібек жолы мұрасының дәліздері - Еуропалық мәдени мұра
жылының халықаралық аспектілері» атты өңірлік жобаның нәтижелері жарияланды. Айта
кетейік, бұл Еуроодақ пен ЮНЕСКО-ның Алматыдағы аймақтық кеңсесінің ежелгі
сауда керуені аймағына саяхатшылар ағынын арттыру қамында қолға алынған ауқымды
бастама. Ол үшін туристік гидтар мен реставраторлар, археологтар мен
қолөнершілерге арнайы оқытулар жүргізілді. Жобаның көздегені - ескі сауда
жолының бойындағы мемлекеттердің мәдениеті мен тарихын кеңге насихаттап, әсем
табиғатын паш етумен қатар, көне ескерткіштерді жаңғыртып, қалпына
келтіру.
Маджер Массанов,
ЮНЕСКО-ның Алматыдағы өңірлік кеңсесінің жоба үйлестірушісі:
- Қазақстан
мен Қырғызстанда көне қалашықтар көп. Мәселен, Қазақстанда – Құлан, ал
Қырғызстанда - Қызыл өзен атты ескі қоныстар бар. Сондай-ақ, Тәжікстанның таулы
Бадықшан автономиялық округінде орналасқан ұлттық табиғи парк, Өзбекстанда
Богбонлы мешітін айтуға болады. Ол - Хиуа аймағындағы ежелгі құрылыс нысаны. Бұндай
тарихи орындар мен ескерткіштер жаңғыртылуы тиіс. Ол жерлерде қазіргі таңда
туристерге қолайлы инфрақұрылым құру үшін жұмыстар жүргізілуде. Себебі, дәл осы
көне нысандар Ұлы Жібек жолының тарихынан сыр шертеді. Оларды сақтап қалу
керек.
Еуропалық Одақтың Қазақстандағы
елшісінің айтуынша, бұндай бірлескен жұмыстар өңірде басқа да бағыттар бойынша
жүргізілуде. Оларды іске асыру кәрі құрлық одағының аймақ елдерімен көпжақты
байланыстарды нығайтуға бейілділігін көрсетеді.
Кестутис
Янкаускас, ЕО-ның Қазақстандағы елшісі:
- Біз қазірдің өзінде инвестицияланған миллиондаған еуролар туралы айтып отырмыз. Көптеген бірлесе қолға алған жобалар бар. Бұл қатарда Транскаспий көлік дәлізін дамытуға бағытталған жобалар, әуе қатынасы бойынша, шағын және орта бизнесті ілгерілету сынды бір-бірімен тығыз байланысты бастамаларымыз іске асып жатыр. Олардың барлығы да бизнесті дамыту, жақсы қарым-қатынас құру мақсатын көздейді. Бұған қоса Еуроодақ пен Орталық Азия арасындағы мәдени алмасу жағы да бар.
Сондай-ақ, Жібек жолының 60 тарихи мұражай жәдігерлерінің
бірегей көрмесі ашылды. Бұл мұраларды Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан
және Түрікменстан ұлттық музейлері ұсынды.