Әйелдер көшбасшылығы, бизнес, гендерлік теңдікпен қаржы және денсаулық тақырыптарын талқылау үшін Алматыға әлемнің 10-нан астам елінен әйгілі және табысты әйелдер жиналды. Бизнес, мәдениет, білім және технологиялар сынды түрлі салалардың өкілдері: «Be Woman - 2024» Орталық Азия форумына қатысты. Шаһардың басты алаңдарының бірінде өткен шара 3,5 мыңнан астам нәзік жандының басын қосты. Аталған форумның басты қонағы SpaceX және Tesla компаниясының негізін қалаушы Илон Масктың анасы Мэй Маск болды. Бұл оның Қазақстанға жасаған алғашқы сапары. Мэй Маск бірнеше күннің ішінде мегаполистің көрікті жерлерімен танысып, жергілікті тағамдардан дәм татып, тіпті «тұсау кесер» ұлттық рәсімін де өткізді. Сондай-ақ, форумның қонақтары мен спикерлері қатарында танымал тұлғалар мен іскер әйелдер болды. Олардың арасында кеңге әйгілі психотерапевт Габор Матэ, «Women in Tech» қозғалысының негізін қалаушы Аюми Мур Аоки және бестселлерлер авторы Джулия Льюис бар.
Джулия Льюис, Бестселлер авторы:
- Бүгін мен конференцияға келіп жаңа білім алуға ұмтылған және қарым-қатынас құрып әріптестік орнатуға ашық мыңдаған іскер әйелді көрдім. Сондықтан, біз әлемнің қай жерінде жүрсекте бір-бірімізді үнемі қолдап, білімімізді толықтырып, өз даналығымызбен бөліскеніміз абзал. Бұл аса маңызды. Мен қазақстанға жасаған алғашқы сапарымда ерекше энергияны сезіндім. Осы бірлік күші бізді жарқын болашаққа жетелейді.
Жанна Кан, «Be Woman - 2024» форумының негізін қалаушы:
- Бұл тұрақты негізде жұмыс істейтін тұғырнамаға айналуын қалаймыз. Оны құрып жатқан қыз-келіншектерге үлкен алғыс білдіремін. Бұл платформа біздің бірігуіміз және бір-бірімізді қолдау үшін қажет.
Жеңіс Ермұқанов