Қазақстанда инвесторлар үшін «жасыл дәліз» пайда болады. Арнайы цифрлық
платформа оларға бірқатар рәсімдерді жеңілдетілген тәртіппен өтуге, оның ішінде
атқарушы билік органдарымен өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді. Алайда,
мұндай тетікті барлық инвестжобалар пайдалана алмайды. Осыған байланысты елімізде оған арналған арнайы
іріктеу критерийлері жасалуда. Бұдан басқа, республикада капитал құюшылардың неғұрлым
тиімді жұмысына Инвестициялар туралы келісім тетігінің жақсаруы ықпал етеді. Оның
аясында өтінімдерді қарау 4 есеге, яғни 12 айдан 3 айға дейін қысқартылады. Ел
экономикасына қаражат салымдарын тартудың осы және басқа да мәселелері
Инвестициялар тарту жөніндегі кеңестің кезекті отырысы барысында талқыланды.
Сарапшылардың пікірінше, перспективалы салалардың бірі қатты тұрмыстық
қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату, сондай-ақ автожол секторы болып
табылады. Сонымен қатар өңірлік деңгейде
инвестиция тарту бойынша Қарағанды облысы қаралды. Аймақта 12 мыңнан астам жұмыс орнын құра отырып, 50
инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылды.