Алматыда алғаш рет жас
зерттеушілердің форумы өтті. Іс шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 400-ден
астам дарынды оқушы қатысты. Олар өнеркәсіп, экология, медицина, қауіпсіздік
салаларына қатысты бірегей жобаларды ұсынды. Олардың арасында экологиялық шағын
станциялар, өрт сөндіруші роботтар секілді түрлі-түрлі тың дүниелер бар. Ең
бастысы - барлық жобалар ғылыми зерттеулерге сәйкес, ұзақ уақыт бойы сынақтан
өткен. Олар өз тиімділіктерін де көрсетті.
Әлімжан Райымжан, «Жасұлан»
мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы:
- Бұл – өрт сөндіруші робот. Менің
роботым 3 жалынды сенсормен жабдықталған. Оның біреуі өрт көрген жағдайда робот
өртке қарай жүріп, су шашыратып өртті сөндіреді. Ал өрттің болғанын GPS-модуль
арқылы ол телефонға хабарлайды.
Ал мына экзоқаңқа – өте
қарапайым. Қосымша серво немесе күрделі механизмдері жоқ. Бірақ тиімді. Өндірістік
жарақаттардың алдын алуға көмектеседі. Оқушылар зияткерлік жылыжайды да
таныстырды.
Темірлан Боранбай, «Білім-инновация»
лицейінің 10 сынып оқушысы:
- Мұнда суретті Raspberry Pi-ге
жіберетін камера бар. Бізде CNN бағдарламасы бар. Бұл - жасанды интеллект. Ол
өсімдіктің фотосуреттері арқылы оған қандай фактор қажет екенін анықтай алады. Мысалы
топырақтың ылғалдылығы. Жасанды интеллект ылғалдылық мөлшерін өзі арттыра алады.
Топырақты жылытады немесе көмірқышқыл газы деңгейін жоғарылатады.
Форумға жиналған балалардың
үздіктері Ұлттық ғылым академиясының жаңа жас зерттеушілер Академиясына кіреді.
Оның құрылымын жас ғалымдар Кеңесі мен Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері бірлесіп
жасақтады.
Дидар Батрышев, ҚР Президенті
жанындағы ұлттық ғылым академиясының вице-президенті:
- Осы Академияға сапалы және жедел бастама
беру үшін оның құрылымы анықталды. Бүгінгі таңда ол екі органнан тұрады -
алқалы және атқарушы орган. Алқалы органда белсенді қатысушылар болады. Мысалы,
форумдағы жас таланттар. Бұл - біздің оқушылар мен тәлімгерлер.

