Бұдан былай суды ауадан алуға болады. Қазақстандық оқушы атмосферадан ылғал жинайтын құрылғы ойлап тапқан. Бұл қондырғы электр желісіне қосылмай-ақ ауадағы ылғалды тиімді сіңіріп, конденсациялауға мүмкіндік береді. Салалық министрлік Дана Қадырбектің өнертабысына қызығушылық танытып отыр. Мамандар жоба авторымен қанатқақты бастаманы пилоттық режимде іске асыруды, ақпарат пен деректер алмасуды, технологияны кеңінен қолдану мүмкіндігін зерттеуді көздейтін меморандумға қол қойды.
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
- Су қауіпсіздігі мен суды ұтымды пайдалану - бұл мемлекет қазір жаңа Су кодексінде басымдық берген стратегиялық бағыт. Сіз жүзеге асырып жатқан жоба дәл осы бағытта суды үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондықтан, жаңа Су кодексі қабылданғаннан кейін министрлік ауыл шаруашылығына, өнеркәсіпке, біздің күнделікті тұрмысымызға енгізетін барлық жаңалықтар дәл осы текті жобаларды жүзеге асыруды көздейді.
Дана Қадырбек, жоба авторы:
- Бүгінгі кездесу өте жақсы әсер
қалдырды. Су ресурстары және ирригация министрлігінің жас ғалымдарға белсенді
қолдау көрсетіп жатқаны ерекше қуантады. Мұндай қолдау менің ғылыми жұмысымды
әрі қарай жалғастыруыма үлкен мотивация береді. Министрдің бүгін берген
тапсырмасының арқасында біз құрылғыны далалық жағдайда сынап көруге және жобаны
пилоттық режимде іске асыруға мүмкіндік аламыз.

