Түркияда Жәнібек сұлтан туралы бірегей қолжазба табылды

Ыстамбұлда Алтын Орда билеушісі Жәнібек ханға арнап XIV ғасырда жазылған екі қолжазба табылды. Алғашқысы 1334 жылы  әз-Жәнібек ханзада болып тұрған кезде араб тілінде, екінші қолжазба ол хандық билікті иеленген тұсында, 1350 жылы, парсы тілінде жазылған. Алғашқысында Жәнібек ханның түпатасы Шыңғыс ханнан өз әкесі Өзбек ханға дейінгі ататегі қысқаша алтын нақышпен беріліп, негізгі мәтінде хикметтер туралы баяндалған. Аталған тарихи мұраны ғалым Өмірбек Қанай тауып, Алматыдағы Орталық мемлекеттік архивке электрондық нұсқасын әкелді. Енді араб, парсы тілінің мамандары мен тарихшылар бірлесіп, транскрипциясын жасап, тәржімалайды. Кейін жеке кітап ретінде басып шығару жоспарланған. Бұл жұмыстар «Архив-2025» кешенді жоспары аясында іске асырылды.

Өмірбек Қанай, Орталық мемлекеттік архивтің ғылыми  қызметкері:

- Осы екі тарихи шығарманың да тарихи құндылығын арттыра түсіретін және бір айғақ бар. Ол екі кітаптың да ішкі мұқабасына Османның билеушісі екінші Биязидттің жеке мөрі басылған. Егер Осман сұлтанның мөрі басылған болса не Алтын ордадан Османлының сарайына тарту ретінде барған кітап болуы мүмкін деп топшылауға болады.