Алматы – Катарда өткен халықаралық туристік көрмеде үздік дестинация деп танылды. Туристік индустрияның ірі іс-шарасына 60-қа жуық ел және 12 мыңнан астам адам қатысты. Экспозицияға келушілерге өңірдің тұмса табиғи сұлулығы мен мәдени мұрасы таныстырылды. Қонақтар дәмі тіл үйірер ұлттық тағамдардан дәм татып, шеберлер қолынан шыққан дәстүрлі қазақ киімдерін киіп көріп, ән-мен күйін тыңдау мүмкіндігіне ие болды.
Еркебұлан Әбихан,
Алматы қаласы туризм басқармасы басшысының орынбасарының міндетін атқарушы:
- Біздің көрмеге
қатысуымыздың мақсаты – халықаралық серіктестерімізді, инвесторларды және
шетелдік туристерді Алматы қаласының бай туристік әлеуетімен, оның бірегей
табиғи ландшафтарымен, сондай-ақ мәдени және тарихи нысандардың алуан
түрлілігімен таныстыру. Парсы шығанағы елдерінің тұрғындары үшін негізгі
туристік бағыт ретінде қаланың позициясын нығайтуға ерекше назар аударылды,
өйткені аталған нарық біздің қалаға үлкен қызығушылық танытуда.
Айта кетейік, биылғы жылдың алғашқы алты айында Алматыға 300 мыңнан астам шетелдік турист келді. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,6% артық. 2024 жылдың соңына дейін мегаполиске 600 мыңға жуық адам келеді деп күтілуде.
Әсел Күшенғалиева

