Қазақстанның солтүстік өңірінде үш соғыс ардагері тұрады. Солардың бірі – Валентина Волкодав. Ол сұрапыл соғыс басталғанда 19 жаста еді. Жас болса да еш ойланбастан қолына қару алып, Отан қорғауға аттанды. Бастапқыда көпір салатын отрядқа әскер қатарына алынды. Майдан даласында жауынгерлерге жол салумен айналысты. Биыл наурызда ардагер 103 жасқа толды.
Валентина Волкодав, Соғыс ардагері:
- Мен ешқашан әскери қызметші боламын деп ойлаған емеспін. Соғыс басталған кезде бізге әскери билет берді. Мектепті енді тәмамдап, институтқа оқуға түсемін деп жоспарлап жүргенмін. Бірақ, аяқ астынан Отан қорғауға аттандық. Енді ешқашан соғыс болмаса екен деп тілеймін.
Валентина Волкодав Жеңіс күнін Берлинде қарсы алды. Кейуананың кеудесіндегі «Германияны жеңгені үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» және «Берлинді алғаны үшін» медалі – ерліктің нышаны. Соғыста жүріп өткен жолынан куәгері. Жалпы Солтүстік Қазақстан облысынан Екінші дүниежүзілік соғысқа 90 мыңнан астам адам аттанған. Оның жартысы майдан даласынан оралмады.

