Алманың бұл сорты Швейцарияның Женева қаласында Дүниежүзілік зияткерлік
меншік ұйымында таныстырылды. Еліміздің Әділет министрлігінің мәліметінше, «Апорт»
алмасы сорты географиялық көрсеткіш ретінде тіркелсе бірқатар артықшылықтарға
ие болады. Ең алдымен, бұл Қазақстанның нақты өңірінің белгілі бір табиғи және
климаттық жағдайларына байланысты оның қайталанбас сипаттамалары мен сапасын
қорғауға мүмкіндік береді. Яғни басқа жерде өсірілген алмалар үшін «Апорт»
атауын пайдалануға жол берілмейді.Сонымен қатар осы сорттың халықаралық нарықта
танылуын арттыруға ықпал етеді және түпнұсқалығына сенім арттырады. Ведомствода
«Апорт» алма сортын географиялық көрсеткіштер тізіміне енгізу ауыл шаруашылығын
дамытуда және өндірушілерді қолдауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Бұл
бастама экономикалық өсуді, туризмді дамытуды ынталандырады және елімізде алманың
бірегей сорттарын дамытуға қолдау көрсетеді.