Қазақстанда жыл соңына дейін 7 мың шақырым жол жөнделеді

Қазақстанда жыл соңына дейін 7 мың шақырым жол жөнделеді

Жыл соңына дейін Қазақстанда 7 мыңнан астам шақырым жол жөнделіп, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бүгінде «Қарағанды – Алматы», «Талдықорған – Өскемен» және «Ақтөбе – Атырау – Астрахан» ірі бағыттары мен тораптарының жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Салалық министрлік мәліметінше, атқарылып жатқан жұмыстар жолаушылардың уақытын үнемдеп, көлік қозғалысын реттейді, әрі жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, Түркістан облысындағы Шақпақ баба асуындағы жер асты өткелінің құрылысы аяқталуға жақын. Ол – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің учаскесі. Сонымен қатар, биыл Алматы облысында «Шамалған» станциясында жол өткелі пайдалануға беріледі. Оның арқасында темір жол арқылы көлік ағынын еш кедергісіз, әрі қауіпсіз жолмен неғұрлым тез өткізуге болады. Тағы бір ірі жоба, еліміздің шығысындағы Бұқтырма су қоймасында салынып жатқан көпір құрылысы да соңына таяп қалды.


Дәулет Мейрамов, ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің құрылыс басқарма басшысы:


– Қазақстанның көлік министрлігі 2029 жылға дейінгі көлік инфрақұрылымын дамыту бағдарламасының аясында 4 мың шақырым жолды реконструкцияламақ. Оның ішінде «Ақтөбе – Ұлғайсын», «Қарағанды – Жезқазған» және Сарыағаш қаласының айналма жолы бар. Аталған жобаларды ЕРСМ-келісімдері арқылы жүзеге асыру жоспарлануда. Ол дегеніміз, жобалау, құрылыс және ары қарайғы оны пайдалануға беруге бір компания толыққанды жауапты болады. Сонымен қатар, биыл еліміздің оңтүстігін орталықпен байланыстыратын «Қызылорда – Жезқазған» жолының жобасы жүзеге асырыла бастады.