Атырау өңірінде қайта жаңғыртылған «Астрахан-Маңғышлақ» магистралды су құбыры іске қосылды. Батыс Қазақстанның әлеуметтік және өнеркәсіптік дамуы үшін стратегиялық маңызы зор жоба Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырылды. Премьер-Министр бейнебайланыс арқылы нысанды ресми түрде іске қосты. Кеңейтілген кешен енді Атырау және Маңғыстау өлкелерінің халқы мен кәсіпорындары және ауыл шаруашылығы үшін қосымша 60 мың текше метр тіршілік нәрін тарату көзіне айналады. Су құбырының өткізу қабілеті тәулігіне 110-нан 170 мың текше метрге дейін ұлғайтылды. Бұл өңірде осы бағытта қолға алынған жалғыз ірі жоба емес. Облыста жалпы қуаты 50 мың текше метр болатын су тұщыландыру зауыты салынуда. Одан Жаңаөзен қаласына дейін магистралды су құбыры тартылады.
Бұдан басқа, «Каспий» сумен жабдықтау зауытын жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Нәтижесінде оның қуаты 2 есе, яғни 40 мың текше метрге дейін артады.
Айта кетейік, Үкімет 2026 жылға қарай халық пен өндіріс орындарын одан әрі тұрақты су көздерімен қамтамасыз етуді межелеп отыр.