Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерімен кездесу өткізді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерімен кездесу өткізді. Жиынды ашқан мемлекет басшысы Иран халқы мен оның басшылығына ел Президенті мен Сыртқы істер министрінің қайғылы қазаға ұшырауына байланысты көңіл айтты. Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев шет мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешу жөніндегі ШЫҰ-ның маңызды форматтарының бірі екеніне тоқталды. Қазіргі таңда Қазақстан ШЫҰ-ның Астана саммитіне дайындалуда. Атаулы жиын «Көпжақты диалогты нығайту – орнықты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» деген атаумен өтеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Қазақстан ШЫҰ-ның «Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы» бастамасын әзірлеуді ұсынды. Осы құжаттың, сондай-ақ алдағы саммит барысында ШЫҰ-ның Астана декларациясының қабылдануы, біздің көзқарасымыз бойынша, әлемнің түрлі өңірлеріндегі қақтығыстарды реттеу үшін халықаралық күш-жігерді біріктіруге ықпал етеді. ШЫҰ-ны одан әрі реформалау ісіне ерекше мән беру қажет. Осы ұйымның қызметін жетілдіруге бағытталған нақты шешімдерді дайындауға мүше мемлекеттердің белсенді қатысуы маңызды. Қазақстан өз тарапынан ШЫҰ-ны ынтымақтастықтың тиімді және көпжақты тетігіне айналдыру жөнінде теңгерімді ұсыныс жасады. Алдағы уақытта да осы бастамалар қолдау табады деп үміттенеміз.

Терроризм, сепаратизм және экстремизмге қарсы күрес.  Қасым-Жомарт Тоқаев ұйым бұларды зұлым күштер деп атап, ұйымның тұрақты назарында ұстау қажеттігін айтты. Бұдан бөлек,  киберқауіпсіздік мәселелесі өзекті. Сонымен қатар әлем елдері соңғы жылдары климаттың өзгеруінен туындаған түрлі апаттармен бетпе-бет келуде.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Ауғанстандағы жағдай жіті назар аударуды қажет етеді. Бұл елде гуманитарлық дағдарыстың алдын алу және ұзақмерзімді тұрақтылыққа жағдай жасау үшін күш біріктіру жұмыстарын жалғастырған жөн. Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның өңірлік орталығын құру туралы Қазақстанның бастамасын қолдау – өте өзекті. Біз климаттың өзгеруі мәселесіне айрықша назар аударуымыз қажет. Алдын алу шараларын шұғыл қабылдамасақ, бұл мәселе планетамыздағы жаһандық табиғат апаттарын асқындырып жіберуі мүмкін. Ауа райының аса құбылмалы болуы әлемдегі басты проблемалардың біріне айналып келеді. Осыған байланысты ШЫҰ табиғат апаттарымен күресу ісіндегі тәсілдерін жаңартуы қажет. Биыл көктемде біздің еліміз климат өзгерістерінің кері әсерін анық сезінді.

Айта кетейік, қазіргі таңда ШЫҰ-на Еуразия құрлығындағы он мемлекет мүше. Бұл елдерде жер шары халқының жартысына жуығы тұрады және оған әлемдік жалпы ішкі өнімнің төрттен бірі, жаһандық сауда-саттықтың 15 пайызы тиесілі.