Бұл жөнінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов мәлім етті. Оның айтуынша, 6 қазан күні елордада әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің 19-шы хатшылығы өтеді. Бұл шараны қазіргі жағдайды ескере отырып, аралас форматта өткізу жоспарланып отыр, яғни кейбір қатысушылар оған онлайн қосылады. Осы орайда Қазақстанда ұлтаралық келісімді сақтау бойынша кешенді шаралар қолға алынған. Есесіне бүгінгі таңда елімізде діни ахуал тұрақты. Түрлі конфесиялар, діни бірлестіктер және мемлекеттік органдар арасында түсіністік орнап, достық қарым-қатынас жалғасып келеді.
Ержан Нүкежанов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі дін істері комитетінің төрағасы
- Адам құқықтары саласында айтатын болсам, өздеріңіз жақсы білесіздер, жақында Президенттің адам құқықтары саласын дамытуға қатысты жарлығы шықты. Біз діни ұйымдарды тіркеуге қатысты және жалпы діни іс-шараларға байланысты бірқатар өзгеріс енгізуді жоспарлап отырмыз.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов