Қазақстанда Ұлттық су ресурстары ақпараттық жүйесі құрылады. Бұл жөнінде
Үкімет отырысында сала министрі мәлімдеді. Аталған платформа біртұтас цифрлық
орта ретінде жұмыс істейді және су нысандары туралы деректерді біріктіреді. Жоба
Еуразия даму банкінің цифрлық бастамалар қорының гранты есебінен әзірленіп
жатыр. Ол спутниктік мониторинг, датчиктер мен есептегіш құралдар,
гидропосттар, жедел есептілік және салалық статистиканы қамтиды.
Бүгінде 3,5 мың шақырымнан астам суару инфрақұрылымын жаңғырту және цифрландыру қамында каналдар кезең-кезеңімен сандық жүйеге келтірілуде. Жалпы 2027-ші жылға дейін су есептеу жүйесін толық цифрландыру, сондай-ақ автоматтандырылған гидрожапқыштарды енгізу жоспарланған. Айта кету керек, цифрландыру жобаларын әзірлеу барысында отандық өндірушілердің заманауи технологиялық шешімдері мен жабдықтарына басым бағыт беріледі. Аталған іс-шаралар аяқталған соң, су ресурстарына қатысты барлық мәлімет ақпараттық жүйеге толық енгізіледі. Бұл су алу мен бөлу үдерісін тиімді жоспарлауды, сондай-ақ оның ашықтығы мен нақтылығын қамтамасыз етеді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
- Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету - ол өте
маңызды міндеттердің бірі. Ол Мемлекет басшысының тікелей бақылауында тұр.
Өздеріңіз білетіндей бұған қажетті қаражат республикалық бюджетте көзделген. Сонымен
қатар, заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару жөніндегі Президент тапсырмасы
аясында сумен жабдықтау бойынша 230 тарта жобаны іске асыру үшін арнаулы
мемлекеттік қордан қосымша 60 млрд
теңгеден астам қаражат бөлінді. Өңір әкімдіктері жыл соңына дейін ауыз сумен
қамтамасыз ету бойынша қолданыстағы барлық жобаларды іске қосуды қамтамасыз
етсін.

