Гуманитарлық бастамалар, экономикалық ынтымақтастық және
Қазақстанның бітімгершілік рөлі - әлемдік БАҚ назарында. Халықаралық басылымдар
Астананың, сондай-ақ басқа да мемлекеттердің Бейбітшілік кеңесі жұмысына
қатысуын, Таяу Шығыстағы жағдайды тұрақтандыру бастамаларын талдады. Associated
Press пен Reuters Қазақстан мен өзге де мемлекеттердің Газадағы ахуалды реттеу,
соның ішінде инфрақұрылымды қалыпқа келтіру және қауіпсіздікті қамтамасыз ету
жөніндегі халықаралық бастамаларға үлес қосуын атап көрсетеді. Түркияның
Anadolu агенттігі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген гуманитарлық күн
тәртібіне назар салды. Әңгіме палестиналық студенттерге бес жыл ішінде бес жүз
білім грантын беру, сондай-ақ электрондық үкімет пен цифрлық даму саласындағы
қазақстандық тәжірибемен бөлісу туралы болып отыр. Шетелдік баспасөзде елдің
экономикалық мүдделері де баяндалды. Мәселен, әзірбайжандық Caspian Post
басылымы Boeing 787 Dreamliner ұшақтарын жеткізгеннен кейін 2026 жылы Қазақстан
мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын іске қосу жоспары туралы жазды.
Сондай-ақ Шымкентте алғашқы әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету мен жөндеу
орталығын құру қарастырылуда, бұл Қазақстанның өңірлік авиациялық хаб ретіндегі
орнын нығайтуы мүмкін. Сонымен қатар, Қазақстан мен америкалық Mars компаниясы
арасында құны 180 млн долларға жуық инвестициялық келісімге қол қойылғаны атап
өтілді.

