Астанада биыл 8-13 қыркүйек аралығында Дүниежүзілік көшпенділер ойындары
өтеді. Қазірдің өзінде 85 мемлекет дүбірлі додаға қатысуға ниет етіп отыр. 3
мыңға жуық спортшы бабын сынап, бақ таластырмақ. Елордада тіркелген
дипломатиялық корпус өкілдерінің айтуынша, бұл шара бүкіл Орталық Азия өңірінің
туризмін дамытуға ықпал етеді. Дала ойындарын қызықтауға 100 мыңға жуық турист
келеді деп күтілуде. Жиһанкездер Қазақстанның ғана емес, аймақтағы басқа
елдердің де мәдени және тарихи мұраларымен таныса алады.
Саидикрам Ниязходжаев, Өзбекстанның
Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі:
-Біз жер-жаһанға
біздің мәдени құндылықтарымызды, өзіміздің салт-дәстүрлеріміз бен ұлттық спорт
түрлерін көрсетеміз. Біз қазір Өзбекстанның өкілдері де жарысқа қатысуы үшін
жұмыс жасап жатырмыз. Бұл ойындарға
біздің Қарабайыр сәйгүліктері атсалысады. Сонымен қатар Ақалтеке жылқы тұқымы да
болады. Сондай-ақ Түрікменстанның, Қазақстан мен Қырғызстанның өкілдері осы
шараға қатысады.
Халықаралық жарыс спорттың 21 түрін қамтиды. Әр жерден келген спортшылар 97
медаль жиынтығын сарапқа салады. Дипломаттардың пайымынша, ауқымды шара жалпы
аймақ экономикасының өсіміне тың серпін бермек.
Саидикрам
Ниязходжаев, Өзбекстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі:
-Туризмнің дамуымен
қатар біздің экономикамыздың шамамен 17-18 бірдей саласы қарқын алады. Яғни,
бұндай мультипикативті әсері болады. Қонақ үй бизнесінен бастап, қызмет көрсету
саласы, бұған қоса қолөнер және өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы салалары дамиды.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қатысушы елдер арасындағы достық
қарым-қатынасты нығайтады. Алдағы жарыстарды насихаттауда Қазақстан, Түркия,
Еуропа, Ресей, Таяу Шығыс және Орталық Азия елдерінің бұқаралық ақпарат
құралдары маңызды рөл атқарады.