Қазақстанда жылқылардың қазақы тұқымын сақтау және өсімін көбейту ісі заң негізінде қолға алынбақ. Елімізде төрт түліктің төресін баптайтын атбегілерге мемлекет тарапынан субсидия бөлу ұсынылды. Асыл тұқымды сәйгүліктерді күтіп-бағуға ел қазынасынан 5 жыл бойы 170 млн теңге бөлу көзделген. Оны үлестіру әкімдіктерге жүктеледі. Ел Мәжілісі игі шаруаны жандандыратын заң жобасын қабылдады. Енді құжатты Сенаттың мақұлдауы қажет. Айта кетейік, оны әзірлеуге депутаттардың өзі бастамашылық еткен. Олардың бірі - Айдарбек Қожаназаров. Ерекше қолдауға мұқтаж ұлттық қазынаның басында Қостанай жылқысы тұр. Депутат бұл тұлпар тұқымы дәстүрлі ат спортының түрлерін дамытуға тың серпін беретініне сенімді. Жаңа заң бұған септесетін бірқатар демеулік шараларды қамтиды. Мәселен, жылқы баптайтын отандық орталықтарға шетелдік спорттық бағыттағы асыл тұқымды аттарды сатып алу үшін жағдай жасау. Сонымен қатар селекциялық жұмыс жүргізу мен асыл текті Қамбар ата төлін ұстау шығындарын өтеу көзделген.
Айдарбек Қожаназаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Ең басты міндет - қазақ тұқымдарының мал басын көбейту, қазіргі таңда осы
бағытта жұмысты қолға алдық. Бүгінде 270 бас тіркелген, оның ішінде 78 бие.
Сондықтан қостанайлық және басқа да Қамбар ата төлдерін өсіріп, барынша көбейту
үшін оның иелеріне қолдау көрсетуді жоспарлап отырмыз. Осылайша нарықта да
сұраныс арта түседі. Сонымен қатар алдағы уақытта біздің ұлттық спортпен
айналысатын шабандоздарды өзіміздің сәйгүліктермен қамтамасыз ете аламыз.