Ақордада әлемге әйгілі альпинист Ерванд Ильинскийге саланы дамытуға қосқан үлесі мен үздік спортшыларды тәрбиелеу жолындағы қызметі үшін жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Жаттықтырушы ретінде Ерванд Ильинский жүзден астам спорт шеберін, соның ішінде халықаралық дәрежедегі және еңбек сіңірген спорт шеберлерін дайындады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Өзіңіздің зор қажыр-қайратыңыз бен аса жоғары кәсібилігіңіздің арқасында Қазақстан Республикасының көк Туы Жер шарының асу бермес асқарларында желбіреді. Әлемнің ең биік нүктелерін бағындырған тәжірибелі шыңға өрмелеуші, халықаралық турнирлердің жеңімпазы ретінде дүние жүзіне даңқыңыз жайылды. Эверестке шығып, беделді «Жеті шың» клубына мүше болған алғашқы қазақстандық атандыңыз. Сізді елімізде альпинизм мектебінің негізін қалаушы ретінде құрметтейді. Отандық мектеп Қазақстанның жаһандық брендіне айналды.
Ерванд Ильинскийдің бастауымен Қазақстан құрамасы әлемде бірінші болып биіктігі 8 мың метрден асатын барлық 14 шыңға шықты. Қасым-Жомарт Тоқаев Ерванд Тихоновичтің асыл қасиеттері мен адамдарға, әсіресе, альпинистерге деген шынайы қамқорлығын жоғары бағалады. Мемлекет басшысы елімізде альпинизмді насихаттауда Ерванд Ильинскийдің орасан жұмыс атқарғанын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Конституцияда көрініс тапқан табиғатты аялау, экологиялық мәдениет пен тазалық қағидаттары ұлттық болмысымызбен біте қайнасып кетуге тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Асқар шыңдарға құштарлық, тауға шығу – әуестік қана емес, қоршаған ортаны қастерлеп, ластамауға үндейтін айрықша экологиялық өмір салты. Жаңа Конституцияда көрініс тапқан табиғатты аялау, экологиялық мәдениет және тазалық қағидаттары ұлттық болмысымызбен біте қайнасып кетуге тиіс. Үкіметтің, салалық министрліктің алдында альпинизмді спорт және заманауи тау туризмінің бір түрі ретінде жан-жақты дәріптеу міндеті тұр. Мемлекет пен демеушілердің қаржысын тарта отырып, нақты іс-қимыл бағдарламасын әзірлеу қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ерванд Тихоновичтің ғұмыр жолын жасампаз патриотизмнің, айрықша жанқиярлық пен аса жоғары кәсібиліктің жарқын үлгісі деп санайды. Жастар табанды әрі өнімді еңбек әрдайым лайықты бағасын алатынын көруге тиіс. Қандай салада болмасын табыстың оңай келмейтінін түсінгені жөн. Өз ісіне шын берілген, көздеген мақсаты айқын адамдар өмірлік мұратына жетеді. Өз кезегінде Ерванд Ильинский атқарған қызметіне жоғары баға беріп, отандық альпинизмге айрықша көңіл бөлгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

