Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Жеңіс күніне орай қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың ескерткішіне гүл шоғын қойып, соғыс жылдарында қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етті. Іс-шараға депутаттар, еңбек және күштік құрылымдардың ардагерлері мен әскери қызметшілер қатысты.
Сонымен қатар Жоғары Палата спикері соғыс ардагері Рзағұл Байкешевті Жеңіс күнімен құттықтады. 100 жасаған қарт майдангер сұрапыл жылдары Польша, Румыния, Венгрияны азат етуге қатысқан.
Сондай-ақ Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов қазақтың енді бір өжет қызы Мәншүк Мәметованың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Ел Парламентінің депутаттары ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, тағзым етті. Кеңес Одағының батырына арналған ескерткіш елордада 2018 жылы ашылды. Еске салайық, Соғыс кезінде бір миллион екі жүз мың қазақстандық майданға аттанды. Олардың жартысы елге оралған жоқ. Жеті жүз мыңнан астам отандасымыз тылда еңбек етті. Олардың бәрі Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосты.