Еуропалық қайта құру және даму банкі «Ақтөбе – Ұлғайсын» автомобиль жолының жаңғырту жұмыстарын қаржыландырады. Тиісті келісімге еліміздің Премьер-министрі Олжас Бектенов пен халықаралық қаржы институтының президенті Одиль Рено-Бассомен кездесуі аясында қол қойылды. Жоба көлік байланысын дамыту және ел аумағы арқылы транзиттік ағынды қамтамасыз ету үшін маңызды саналады. Сондай-ақ, тараптар Астана қаласында қосалқы электр станса салу жобасын талқылады. Сондай-ақ, Еуропалық банк басшысы энергетика саласында елдік платформаны бірлесіп әзірлеуге ниеттін жеткізді. Бұл тұғырнама салаға «жасыл» инвестицияларды тартудың маңызды құралы. Айта кетейік, Еуропалық қайта құру және даму банкі былтыр Қазақстанға бағыттаған жылдық инвестиция көлемін 3 еседен астам ұлғайтты. Тараптар түрлі бағытта рекордтық жалпы құны 935 млн долар болатын 25 жобаға қол қойды.
Хусейн Озхан, ЕҚДБ Орталық Азия және Моңғолия бойынша басқарушы директоры:
- Біз әртүрлі салаларда, соның ішінде Ұлттық инфрақұрылым жоспарын жүзеге
асырудың нәтижесінде оң динамиканы байқап отырмыз. Банк секторында реформа
жүргізілуде. Еуропалық қайта құру және даму банкі ретінде біз Қазақстанда
азаматтарды да, Үкіметті де қолдау үшін жұмыс істейміз. Біз мемлекеттік-жекеменшік
әріптестік негізінде жобаларды дамыту әлеуеті әлдеқайда жоғары екеніне
сенімдіміз. Өз тарапымыздан Қазақстанға осындай жобаларды кеңейтуге
жәрдемдесуге дайынбыз.
Шымкент қаласындағы «Химфарм» зауытында жаңа өндірістік ғимараттар мен
зертханалық алаңдар салынады. Олжас Бектенов Polpharma Group өкілі Ежи
Старакпен өндірісті кеңейту жобасын қарады. Онда халық үшін басым бағыттар
бойынша отандық дәрі-дәрмектер өндірісі қолға алынады. Жылына 2 млрд бірлік
дәрілік заттар шығару жоспарланып отыр. Инвестиция көлемі 62 жарым млрд
доллардан асады. Ежи Старак жаңа өндіріс заманауи техникамен жабдықталатынын
және өнім фармацевтика өнеркәсібі саласындағы барлық халықаралық стандарттарға
толық сәйкес келетінін айтты. Олжас Бектенов инвестициялық жобаны уақтылы іске
қосу үшін қажетті қолдау шаралары қамтамасыз етілетінін жеткізді.

