Германияда Қазақстанның инвестициялық әлеуеті таныстырылды

Германияда Қазақстанның инвестициялық әлеуеті таныстырылды

Қазақстанның экономикалық әлеуеті Германиядағы форумда таныстырылды. Майндағы Франкфурт қаласында неміс компанияларының, салалық қауымдастықтардың, қаржы институттары мен банк секторының 200-ге жуық өкілі «Kazakhstan Investment Day» шарасына қатысты. Іс-шарада тараптар бірлескен жобаларды талқылады. Жкономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібі мен инфрақұрылымды дамыту, жоғары технологияларға инвестиция тартуға басымдық берілді.


Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:


- Соңғы 20 жылда Германия тарапынан біздің елге құйылған инвестиция 6,5 миллиард еуродан асты. Біз бұл көрсеткіш ұлғаяды деп үміттенеміз, себебі біз Германияны Еуропалық Одақтағы сенімді серіктес ретінде қарастырамыз


Томас Штеффен, ГФР Федералдық экономика және энергетика министрлігінің статс-хатшысы:


- Қазақстан - Германияның Орталық Азиядағы маңызды сауда серіктесі. Әсіресе, сыни минералдар мен сирек кездесетін металдар саласында үлкен әлеует бар. Портфелімізді әртараптандыру керек, сондықтан Қазақстан біз үшін болашақта да өте маңызды серіктес.


Инвестициялық форум аясында 100 млн доллардың келісіміне қол қойылды. Бұл қаражат Павлодарда гидрометаллургиялық комбинат құрылысына бағытталады.


Қанат Досмұқаметов, SOLIDCORE RESOURSES компаниясының бас операциялық директоры:


- Бұл технология мен инновация тұрғысынан алғанда бірегей, алтынның күрделі концентраттарын қайта өңдеу жөніндегі жоба. Өнімділігі 300 мың тонна концентрат, жалпы инвестициялар шамамен 1 миллиард долларды құрайды. Оның 600 млн долларын халықаралық қаржы институттарынан тартуды жоспарлап отырмыз, 400 млн - біздің жеке қаражатымыз. Ең басты құрылғы - автоклав. Ол Павлодар қаласына жеткізілді.Өзге жұмыстар кестеге сай жүреді. Зауытты 2028 жылдың соңында іске қосу жоспарланып отыр 

Айта кетейік, Қазақстан мен Германия арасындағы тауар айналымы өткен жылы 4 млрд 300 млн долларды құрады. Неміс инвестицияларының 90%-тен астамы ел экономикасының шикізаттық емес секторына бағытталған. Таяу жылдары Қазақстан өнеркәсіптік инфрақұрылымға 400 млрд доллар тартуды жоспарлап отыр. Бұл ретте неміс инвестициялары отандық нарықтағы жаңа индустриялық кластерлердің өзегіне айналуы мүмкін.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?