Қазақстандағы мұражай саласын цифрландырудың жаңа кезеңі басталды. Ұлттық музейде отандық мамандар мен
Түркиядан келген сарапшылардың қатысуымен халықаралық семинар өтуде. Оның
аясында мұражай ісіндегі заманауи технологияларға арналған дәрістер,
практикалық сабақтар, воркшоптар мен шеберлік сыныптары ұйымдастырылған. Бес
күн ішінде еліміздің түкпір-түкпірінен 30 шақты мұражайдың 100-ге тарта қызметкері
цифрлық трансформацияның заманауи тәсілдерін, мұражай қорларын басқаруды,
интерактивті экспозициялар құруды және инновациялық шешімдерді игереді. Кейін осы
білімдерін іс-жүзінде қолнданысқа енгізеді деп жоспарланған. Сонымен қатар, семинардың
үздік он қатысушы Түркияда қосымша білім алу мүмкіндігіне ие болады. Бейінді
ведомство өкілдері атап өткендей, жақын арада Қазақстанда музей экспонаттарын
цифрлау уақыты бірнеше сағаттан бірнеше минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік
беретін арнайы жабдық сатып алады. Жаңа технология алдымен республикалық ұлттық
мұражайларға, кейін облыстық мұражайларға
енгізіледі.
Алишер Есенжолов, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі департаментінің бас сарапшысы:
- Белгілі бір
монументтерді, экспонаттарды, тарихи жәдігерлерді қысқа мерзім ішінде цифрландыруға
мүмкіндік беретін арнайы жабдықтарды сатып алуға дайындық жүріп жатыр. Егер
бұрын бұл салыстырмалы түрде ұзақ уақытты қажет ететін болса, қазір біз мұны
бірнеше минут ішінде жасай аламыз. Өткен жылы Е-музей енгізіліп, экспонаттар
цифрландырылды. Бұл мектеп оқушыларына, барша азаматтарға біздің тарихымызды,
мәдениетімізді танып білу үшін қажет, цифрландырудың басты мақсаты осыда.

