Қазақстан Президенті БАҚ өкілдерін марапаттады

Қазақстан Президенті БАҚ өкілдерін марапаттады

Ақордада БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті. Ел Президенті ең алдымен журналистер қауымын кәсіби мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі жаһандық технология дамыған заманда жедел, сапалы әрі шынайы ақпарат тарату абыройлы міндет екенін айтты. Өйткені өз азаматтарымызбен қатар, күллі әлем қауымдастығы елімізде жасалып жатқан ауқымды өзгерістерді, ең алдымен, отандық медиа арқылы танып, біледі. Осы орайда, Мемлекет басшысы конституциялық реформаны жүзеге асырудағы БАҚ өкілдерінің рөлін ерекше атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бүкіл жұртты бір мұратқа ұйыстырған ортақ істе медиа саласы мамандарының маңызды рөл атқарғанын ерекше атап өту қажет. Журналистер қауымы Конституциялық комиссияның қызметі туралы сапалы және мазмұнды хабарлар таратты. Сондай-ақ, Ата заңға енгізу үшін ұсынылған түзетулерге қатысты жан-жақты талдау жұмысын жүргізді. Науқан кезіндегі тікелей эфирлер, сараптамалық материалдар мен танымдық сұхбаттар – соның айқын дәлелі.


Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, отандық бұқаралық ақпарат құралдары өздеріне жүктелген міндетті жоғары деңгейде атқару үшін халықаралық медиа қоғамдастықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға тиіс. Бұл ретте газеттер мен телеарналар жаңа форматқа көшіп, инновациялық мультимедиялық платформа құрып, заман талабына сай дамып келетінін тілге тиек етті. Мемлекет басшысы ақпарат саласының қызметкерлері қашанда ұлт сапасын жақсартатын құндылықтарды дәріптеу ісіне белсене атсалысуы қажет деп санайтынын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Сіздер қоғамда «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» қағидаттарын орнықтыруға, сондай-ақ «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын кеңінен дәріптеуге белсене атсалысып келесіздер. Сол арқылы халқымыздың болмыс-бітімін және санасын жаңғыртуға зор еңбек сіңіріп жүрсіздер. Алдағы уақытта да ақпарат саласының мамандары ел игілігіне қызмет ете береді деп сенемін.

Президент еліміздің медиа саласының үздік мамандарына жоғары мемлекеттік наградалар табыстады. Олардың қатарында Президент телерадиокешенінің  қызметкерлері бар. «Jibek Joly/Silk Way» телеарнасының жүргізушісі Айгүл Мукей «Парасат» орденімен, ал басқарушы директордың орынбасары және «Reporter with President» бағдарламасының жүргізушісі Айнұр Иманғали мен аға телеоператор Жаңабай Ахметов «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?