Астана халықаралық білім орталығы мәртебесін растады.
Қазақстанда Еуропаның, Азияның және Солтүстік Американың 13 елінен жетекші
жоғары оқу орындарының студенттері жиылды. Олардың қатарында Германия, Канада,
Қытай, Румыния, Шри-Ланка бар. International Legathon MaxUP екінші халықаралық
заңнамалық кейс-чемпионатына қатысушылар екі күн бойы болашақтағы құқық,
цифрландыру және жасанды интеллектті талдап, оларды заң практикасына енгізуді
зерттеді. Жас мамандар жаңа технологиялардың заңнамалық жүйеге, этикалық
қағидаттар мен адам құқықтарына әсерін зерттеп, болашақ сандық сын-қатерлерге үздік
шешімдерді модельдеді. Бірінші раунд «Астана» халықаралық қаржы орталығының
сотында өтті.
Сергей Пен, MNU Басқарма төрағасының Ғылым, инновациялар
және жасанды интеллект жөніндегі орынбасары:
- Басты мақсат - жасанды интеллект дамуымен байланысты
кез келген елде адамзат бетпе-бет келетін проблемаларды шешу үшін қажетті негіз
жасау. Сондықтан да президент бізге жаңа ережелер керек екенін баса айтты. Олар
заңнамада іске асырылады.
Парвиз Гасанов, Баку мемлекеттік университетінің
оқытушысы, PHD, Әзірбайжан:
- Меніңше, мұндай байқаулар коммуникация, бір-бірімен
ынтымақтастық тәсілі. Ғылымдағы бірлік жолы. Қазіргі әлем соншалықты тез дамып
келе жатыр, мысалы, жасанды интеллектті алсақ. Биыл Қазақстанда жасанды интеллект жылы
жарияланды деп естідік, сондықтан бұл өте маңызды бағыт. Ғылым әлемді құтқарады
деп ойлаймын.
Қатысушылар байқауға бірнеше ай бойы дайындалған. Олардың
пікірінше, құқықтық инновацияларды әзірлеу үшін түрлі елдердің тәжірибесін
зерттеу қажет. Мәселен, Өзбекстаннан келген студенттер біздің елдегі тәжірибені
негізге алып, Қазақстанның цифрландырудағы үлкен прогресін атап өтті.
Диёрбек
Давронов, Ташкент мемлекеттік заң университетінің студенті, Өзбекстан:
- Қазақстанның сот жүйесі маған өте қызықты. Сіздерде онлайн сот жүйесі енгізілген. Оны зерттеп көптеген жаңа білім алдым, себебі дәл осы тәжірибе Өзбекстанда Қазақстандағыдай дамымаған. Біз өз хатымызда Қазақстанның тәжірибесін, Өзбекстанның заңнамасына енгізуді ұсындық.
Жарыс қорытындысы бойынша Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университетінің, Мақсұт Нарықбаев университетінің, сондай-ақ ресейлік - Орал
мемлекеттік заң университетінің командалары көш бастады. Сондай-ақ, ең үздік
нәтижелерді Румыния мен Канада студенттері көрсетті. Ал байқаудың жеңімпазы болып
Малайзия командасы танылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, болашақта ең озық жобалар
жаңа құқықтық шешімдерді әзірлеуге негіз болмақ.

