Астанадағы «Жас ғалым» республикалық ғылыми конференциясы Қазақстанның 22 жоғары
оқу орнының студенттерін жинады. Қатысушылар осымен 7-ші рет Назарбаев университетінде
бас қосты. Аталған жиын ғылым қызметкерлері күніне арналған іс-шаралар легін
бастады. Апталық ішінде сарапшылық пікірталастар, семинарлар, форумдар, ғылыми
зерттеулердің тұсаукесерлері мен тақырыптық конференциялар ұйымдастырылады. Оның
алғашқысы қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналды.
Қатысушылар білім және ғылым кеңістігінде ойшылдың тағылымды өмірі мен
шығармашылығына тереңірек бойлау үшін жаңа зерттеу жұмыстарын жүргізу тетіктерін
қарастырды. Ұйымдастырушылар іс-шара жастарға ұлы тұлғаның бай шығармашылық мұрасымен
жақын танысып, Абайды жаңаша тануға ықпал етеді деп отыр. Сондай-ақ, жас
зертеушілердің ғылыми қауымдастығын құруға септігін тигізеді.
Мейрамгүл Кұсайынова,
NU Қазақ тілі және түркітану кафедрасының профессоры:
- Мектеп бағдарламасы сол кезеңдегі таныған
Абайдан басқа, Абайдың жазған еңбектеріне анализ жасай алатындай, Абайдың
тұлғалық болмысын түсіне алатындай, Абай өмір сүрген заманды түсіне алатындай,
біздің қазіргі жастар Абайға деген жаңаша көзқарастары, жаңаша құрметтері
қалыптасу керек деп ойлаймын. Сондықтан Абайдың еңбектерін, Абайдың мұрасын,
Абайдың әндерін, Абайдың философиясын студенттер жаңашылдық, жаңа заман көзқарасымен
анализ жасаса, бұл шын мәнісінде мықты тұлғалардың қалыптасуына ықпал етеді деп
ойлаймын.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

