Қазақстанда Бала құқықтары туралы БҰҰ
конвенциясын ратификациялаудың 30 жылдығына арналған 4 жаңа пошта маркасы
айналымға енгізілді. Мөр басу рәсімі еліміздің Сыртқы істер министрлігінің ғимаратында
өтті. Маркалардың дизайны балаға деген қамқорлық пен отбасылық бірлікті білдіреді.
Талғат Ғазизов,
«Қазпочта» АҚ басқарушы директоры:
- Номиналы 450
теңгелік маркалардың 6000 данасы айналымға шықты. Олардың барлығы қазақстандық
поштаның бөлімшелеріне таратылады. Көбі білетіндей марка - елімізде болып
жатқан мерекелік күндер мен түрлі оқиғаларға орай шығарылатын символикалық мәні
бар мемлекеттік құжат.
Айта кетейік, бұл оқиға Қазақстанның балалардың құқықтары мен мүдделерін
қорғау мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жолындағы жұмысын айшықтайды. Әр өңірінде
балалар өкілдіктері институты құрылды. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институты
және Балалардың әл-ауқат индексі енгізілді. Сонымен қатар, ел Үкіметі мен ЮНИСЕФ
ынтымақтастығының жаңа бесжылдық бағдарламасы әзірленуде.
Рашед Мустафа Сарвар,
ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі:
- Бағдарлама аясында
балаларға қатысты жаңа сын-қатерлерді талқылап жатырмыз. Мәселен бұл құжатта климаттың
өзгеруі, кибер кеңістікте балаларды қорғау, сандық білім, инклюзивті білім,
денсаулық, сондай-ақ бүгінгі таңда өзекті болып отырған түрлі сын-қатерлерден
балаларды арашалап қалу мәселелері барынша қамтылған. Бұның бәрі білімді, дені
сау ел келешегін тәрбиелеу қамы.
Авторы: Жеңіс
Ермұқанов

