Қазақстанның Даму банкі агроөнеркәсіптік кешен жобаларын қаржыландыруға дайын. Оған 1 трлн 200 млрд теңгеден астам қаржы бөлінбек. Бұл туралы Үкімет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.
Қаржы институты ауыл шаруашылығын дамыту бойынша негізгі бағыттарға талдау жасады. Олардың ішінде ет, сүт және астықты терең өңдеу, өнеркәсіптік жылыжай шаруашылығын дамыту, құс фабрикалары, көкөніс қоймалары мен етті мал шаруашылығы кәсіпорындарының құрылысы бар.
Қазіргі уақытта банк отандық инвесторлардың жаңа жобаларын қарауға кірісті. Әсіресе, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, импортты алмастыруға және отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайтуға бағытталған инвестициялық жобалар басымдыққа ие.
Айта кетейік, Қазақстанның Даму банкі агроөнеркәсіп секторында жобаларды жүзеге асыруда тәжірибесі мол. Атап айтқанда бұл – құс фабрикасы, ірі жылыжай кешені құрылысы, майлы дақылдарды қайта өңдеу зауыттарын жаңғырту.