Жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар Қазақстандағы еңбек нарығына әсер етуде. Салалық министрліктің мәліметінше, 2035 жылға қарай елімізде 560-тан астам кәсіп AI ықпалымен өзгереді, ал 14-і толығымен жойылады. Сонымен қатар, салалық білім мен жасанды интеллектіні кіріктіретін жаңа мамандықтар пайда болуда. Сарапшылардың пікірінше, таяу жылдары оларға сұраныс өседі. Еңбек нарығы жылдам өзгеріп, білім беру жүйесі бейімделіп үлгермеу қаупі бар. Жұмыс берушілер алдыңғы қатарлы озық өндірістерде, цифрлық технологиялар, таза энергетика, қорғаныс пен креативті индустрияларда кадрлар тапшылығын сезініп отыр. Еліміздің Ғылым және жоғары білім министрлігі 73 мыңнан астам кәсіпорынға сауалнама жүргізді. Сауалнама нәтижелері бойынша сұранысқа ие салалар анықталды - экономика әсіресе, техникалық мамандарға аса мұқтаж. Сонымен қатар мал шаруашылығы мен металлургия мамандары тапшы.
Дания Еспаева, ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары:
- Экономиканың негізгі салаларында жасанды интеллекті жедел енгізу жоғары білім беру жүйесінің цифрландыру және автоматтандыру жағдайлары үшін мамандар дайындау қабілетін талап етеді. Соңғы 5 жыл ішінде бұл салаға бөлінетін қаржы көлемі, 246 млрд теңгеден 472 млрд теңгеге дейін артты. Жыл сайын мемлекеттік білім беру гранттарының саны артып келеді, биыл олардың саны 77 мыңға құрады.
Сонымен қатар, Қазақстанда университеттердің Ұлттық цифрлық рейтингі енгізіледі. Ол жоғары оқу орындарын бағалау құралына айналады. Жобаның іске қосылуы туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек хабарлады. Рейтинг негізінде мемлекеттік қаржыландыру бөлінеді және университеттің позициясы неғұрлым жоғары болса, ол соғұрлым қолдау алады. Бұған қоса, осы көрсеткіштер талапкерлерге оқу орнын таңдауға бағдар береді. Айта кетейік, жүйе биыл жұмыс істей бастайды.

