Орталық референдум комиссиясы республикалық референдумда дауыс берудің алдын ала нәтижелерін жариялады. Қазақстанның барлық өңірі мен шетелдегі референдум учаскелерінде дауыстарды санау аяқталды. Референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың 73,12% немесе 9 млн 127 мыңнан астам адам өз таңдауын жасады. Олардың 87,15% референдумға қойылған мәселенің оң шешімін жақтап дауыс берген.
Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық референдум комиссиясының төрағасы:
- Республикалық референдум туралы заңнаманың нормаларына сәйкес, егер референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жартысынан көбі дауыс беруге қатысқан болса, референдум өткізілген деп саналады. Республикалық референдумға шығарылған мәселе бойынша, атап айтқанда, жаңа конституцияны қабылдау бойынша шешім егер оны жақтап, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі.

