2026 жылы Қазақстанда БҰҰ-ның Бірінші өңірлік климаттық саммиті өтеді

Қазақстан 2026 жылы БҰҰ-ның Бірінші өңірлік климаттық саммитін өткізуді жоспарлап отыр. Жиында Орталық Азия елдері бетпе-бет келіп отырған  температураның жоғарылауы, мұздықтардың еруі және шөлейттену сияқты климаттық қатерлерді еңсеру мәселесі талқыланады. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары, Сыртқы істер министрі - Мұрат Нұртілеу БҰҰ-дағы Болашақ саммитінде мәлімдеді. БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-шы сессиясы шеңберінде өткен саммитте климаттың өзгеруі және ядролық қауіп сияқты заманауи-жаһандық сын-қатерлерді еңсеру тақырыптары талқыланды.

Мұрат Нұртілеу, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі:

- Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын ашу ұсынысын көтеріп отырмыз. Тиісті қолдау көрсетілсе, бұл идея болашақта БҰҰ даму тетіктеріне сай үлгі болатынына сенімдімін. Бұдан басқа, Қазақстан барлық технологиялық дамыған елдерді кедергілерді жоюға және климаттың өзгеруіне дайындығы осал қоғамдастықтарға көмек көрсету үшін қажетті ресурстар бөлуге шақырады.