СІМ: Израильден 19 қазақстандық елге жеткізілді

СІМ: Израильден 19 қазақстандық елге жеткізілді

Израильден 19 қазақстандық, оның ішінде 15 бала отанына оралды. Олардың арнайы рейспен елімізге қайтуын сол мемлекеттегі біздің елшіліктің күшімен ұйымдастырылған. Дипломаттар Израильден шығуға ниет білдірген барлық  азаматтардың әуежайға жетуіне септесті. Еліміздің СІМ ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, бұл мәселені шешу үшін Қазақстанның Египет пен Иорданиядағы елшіліктері де жұмылдырылған. Олар Газа секторындағы қазақстандықтармен үнемі байланыста.  Сыртқы саясат ведомствосының өкілі атап өткендей, ондағы жағдай әліде күрделі. Бұл мәселеде дипломаттардың жіті бақылауында.

Айбек Смадияров, ҚР СІМ ресми өкілі:
-
Тель-Авив қаласының халықаралық әуежайы штаттық режимде өз жұмысын жалғастыруда. Қазақстанның Мысыр мен Иорданиядағы елшіліктері осы аудандағы азаматтарымызбен байланыста. Күнделікті негізде жергілікті билікпен отандастарымыз бен олардың отбасы мүшелерінің  Газа секторынан Египетке Рафах өткізу пункті арқылы шығуы бойынша келіссөздер жүргізілуде.  Бүгінгі таңда Газа секторында 67 Қазақстан Республикасының азаматы, отбасы мүшелерін қоса алғанда 100-ден астам адам жүр деген ақпарат бар.  Қазақстан азаматтары арасында қаза тапқандар мен жараланғандар туралы мәліметтер тіркелген жоқ.

Сондай-ақ Айбек Смадияров Еурокомиссияның Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі директоратының жоғары лауазымды кеңесшісінің алдағы елімізге сапары туралы мәлімдеді. Ол Ақтау және Құрық порттарының жұмысымен танысады. Еурокомиссия өкілінің сапары 2024-ші жылы қаңтарда Брюссельде өтетін инвесторлар форумына дайындық кезеңі ретінде өтеді. Сонымен қатар сыртқы істер ведомствасында қазақстандық делегацияның Люксенбургте өтетін  «Орталық Азия – ЕО» министрлік кездесуіне және «Қазақстан – ЕО» ынтымақтастық кеңесінің 20-шы мерейтойлық отырысына қатысатыны жөнінде хабарланды. Онда ЕО-тың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Борреллмен, сондай-ақ бірқатар Еуропа елдерінің Сыртқы істер министрлерімен екіжақты кездесулер жоспарланған.