2025-ші жыл Қазақстан үшін президенттік реформаларды институционалдық тұрғыдан орнықтыру кезеңі болды. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жылды қорытындылады. Ол желідегі парақшасында ішкі саясатты жүйелеу, ортақ құндылықтарды қалыптастыру бағытындағы жұмыс жалғасын тапқанын жазды. Өтіп бара жатқан жыл мемлекеттің ауқымды цифрландыруға және жасанды интеллект технологияларын жаппай енгізуге бағытталған ұзақ мерзімді векторын қалыптастыруымен ерекшеленді. 2025 жыл елімізде саяси реформалардың жаңа кезеңінің басталуымен есте қалды. Қазақстан Президентінің бірпалаталы парламентке көшу жөніндегі бастамасы саяси институттардың рөлін одан әрі күшейтіп, саяси диалогты дамыту бағытын айқындай түсті. Ерлан Қарин жалпы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағдарының кезең-кезеңімен жүзеге асырылуы елімізді өркендеудің жаңа әрі орнықты күре жолына шығарғанын атап өтті.

